“Сахнадағы ғасыр: ұлттық театр және жас мәдениеттанушылар“
2026 жылғы 30 қаңтар күні сағат 10:00-де Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұйымдастыруымен өткен «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрмеге тұрақты серіктестікті нығайту мақсатында әл-Фараби атындағы университеттің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының «Мәдениет KZ» клубының мүшелері өндірістік тәжірибе аясында қатысып қайтты. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің кәсіби дүниетанымын кеңейту, мәдени мұраға деген жауапкершілікті арттыру және Тұрақты даму мақсаттары аясындағы «Тұрақты даму үшін серіктестік» пен «Сапалы білім беру» қағидаттарын тәжірибе жүзінде жүзеге асыру.
Аталған мәдени шараға клуб жетекшісі, аға оқытушы, докторант Кудерина А.Н., 1–2 курс мәдениеттану мамандығының студенттері және топ кураторлары Аликбаева М.Б., Каупенбаева С.М., Құдайбергенов С.Е., Айтенова А.А. қатысты.
Көрме Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қоры негізінде ұйымдастырылып, қазақ кәсіби театрының қалыптасу кезеңдері, сахна мәдениетінің эволюциясы, актерлік мектеп пен режиссура дәстүрінің сабақтастығын кеңінен таныстырды. Экспозицияда сирек мұрағаттық материалдар, сахналық костюмдер, қойылым афишалары мен фотодеректер ұсынылды.
Көрме болашақ мәдениеттанушылар үшін тек танымдық алаң ғана емес, ұлттық театр өнерінің тарихи жады мен қазіргі мәдени үдерістер арасындағы байланысын пайымдауға мүмкіндік берген маңызды мәдени-білім беру кеңістігі болды.
Қысқасы, театр – тек сахна емес, ұлттың ойлау жүйесі. Ал мұндай көрмелер соны еске салатын мәдени айна іспетті.
