ҚазҰУ студенттері волонтерлер форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен докторанттары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астанада өткен халықаралық волонтерлер форумына қатысты.

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы волонтерлердің заманауи, өркениетті мемлекетті қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті. «Волонтерлер – озық қоғамның айнасы деп айтуға әбден болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент БҰҰ-ның биылғы 75-сессиясында Қазақстан ұсынған және жаһандық қолдауға ие болған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтіп жатқанын еске салды.

Форум делегаттарының қатарында жастар арасында еріктілік құндылықтарын белсенді түрде насихаттап жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері де болды.
Шараға қатысу әсерімен Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің 3-курс докторанты Әкежан Кеңесов бөлісті. Оның пікірінше, волонтерлік – жай ғана қызмет түрі емес, жүрек қалауы мен жоғары патриотизмнің көрінісі.
«Волонтер болу – тек игі істер жасау ғана емес, өзгелерге үлгі болып, Отанға адал қызмет ету. Сондықтан қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген әрбір жасты мемлекетіміздің жасампаз күші деп атауға толық негіз бар», – деп атап өтті Әкежан Бақытұлы.

ҚазҰУ докторанты Президент ұсынған волонтердің цифрлық төлқұжатын енгізу және еріктілік қызметке жаңа технологияларды кеңінен енгізу туралы ұсынысын да ерекше атап өтті. Әкежан Кеңесовтің айтуынша, бұл шаралар жұмысты жүйелеуге және студенттердің әлеуметтік жобаларға қатысуын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы студенттері альянсының төрағасы, ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті Айболат Сембиев Президенттің волонтерлік қызметті қолдаудың жүйелі тетіктерін құру, ұлттық және өңірлік фронт-офистердің, сондай-ақ жаңа платформалардың жұмысын жандандыру жөніндегі тапсырмасын атап өтті.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс докторанты Бағдат Анарбаева форум барысында волонтерлік қызметті қолдаудың жүйелі механизмдерін қалыптастыру, ұлттық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері көтерілгенін айтты.
«Бұл форум волонтерлік қозғалысты жаңа деңгейге көтеруге, тәжірибе алмасуға және қоғамдық пайдалы бастамаларды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды оқиға болды», – деді студент.

Форум барысында Президент Үкіметке волонтерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі