Шанхай университетімен жаңа келісімдер жасалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шанхай университетінің делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді.
Шанхай университетіндегі Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Цуй Вэй, MBA Center және менеджмент мектебінің деканы Чжэнь Лу бастаған қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қабылдап, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады.

Келіссөз барысында ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, қосдипломдық білім беру бағдарламасын енгізу, академиялық ұтқырлықты арттыру мәселелері сөз болды.
Проректор Алина Галеева ҚазҰУ-дың Қытай ЖОО-ларымен жасалған келісімдер туралы айтып, бірлескен ғылыми жобалардың нәтижелері жөнінде ақпарат берді. Өз сөзінде проректор ҚазҰУ мен Шанхай университеті арасындағы әріптестік байланысты тереңдетуге қос жоғары оқу орнының әлеуеті жететінін жеткізді.

Өз кезегінде Шанхай университеті Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Цуй Вэй ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар