Журналистика факультетінде қысқы мектеп басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен «Жоғары білім берудегі медиа және коммуникация: оқыту, білім алу және цифрлық трансформация» тақырыбында қысқы мектеп басталды.
Ашылу салтанатында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қысқы мектептің жоғары білім сапасын арттырудағы маңызына тоқталды. БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, Ақпарат бюросының жетекшісі Властимил Самек медиа мен коммуникация саласындағы халықаралық тәжірибенің білім беру үдерісіндегі рөліне назар аудартты.

Бағдарлама аясында жетекші отандық және шетелдік сарапшылардың шеберлік сабақтары мен дәрістері өтті. Онлайн форматта сөз сөйлеген спикерлер қатарында Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қараулова, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек, филология ғылымының кандидаты Татьяна Капырина (РФ), Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры Илья Быков болды.

Сонымен қатар медиа саласының тәжірибелі өкілдері – Рафис Абазов, Нұржан Жалауқызы, Айбар Олжаев, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Ерік Рахым, «Вечерний Алматы» газетінің бас редакторы Асыл Ұланұлы, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы, журналист Нұрлан Жұмахан өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қысқы мектеп аясындағы дәрістер мен пікірталастарда медиа және цифрлық педагогика, коммуникация, медиасауаттылық, академиялық мәдениет, сондай-ақ Орталық Азиядағы журналистика саласында білім беру мәселелері кеңінен талқыланады. Бағдарлама аясында қатысушылар үшін тәжірибелік шеберлік сағаттары, зерттеу семинарлары өткізіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар