ІТ мамандары жаңа Конституция жобасын талдады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті.
Дөңгелек үстел отырысына факультет басшылығы, ғалымдар, оқытушы-профессорлық құрам мен жас зерттеушілер жиналды.

Қатысушылар жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік институттардың рөлін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Соның ішінде дөңгелек үстел отырысына жиналғандар ақпараттық технология, жасанды интеллект бағыты бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Шарада факультет деканы Тимур Иманқұлов ұсынылып отырған конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңіне қадам жасауға мүмкіндік беріп, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға негіз болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформаның негізгі қағидаттары ашықтық, әділдік және жауапкершілік екені айтылды. Конституцияның жаңа редакциясы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны, бұл әрбір азаматқа елдің болашағына қатысты маңызды шешімге қатысуға мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар