«Радикалдық идеологияның алдын алу мәселелері» атты семинарFarabi University
Референдум 15 марта

«Радикалдық идеологияның алдын алу мәселелері» атты семинар

5 ақпан, 2026

Бүгін ТДМ – 16 бағыты бойынша «Радикалдық идеологияның алдын алу мәселелері» тақырыбы аясында Философия және саясаттану фаультетінің 316 дәрісханасында әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Аязбаева Бейбіт Бөлтекқызы мен филос.ғ.кандидаты, дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Кантарбаева Жанна Уринбасаровнаның ұйымдастыруымен оқытушы, студенттер арасында семинар өтті. Іс-шара қазіргі қоғамдағы идеологиялық қауіпсіздік, радикалдық көзқарастардың таралу себептері және олардың алдын алу жолдарын талқылауға арналды.
Семинарды өткізудегі негізгі мақсат – радикалдық идеологияның мәнін ашу, оның әлеуметтік, мәдени және психологиялық факторларын ғылыми тұрғыда түсіндіру, сондай-ақ жастар арасында алдын алу жұмыстарының тиімді екендігін айқындау. Қазіргі жаһандану жағдайында ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы және рухани құндылықтар дағдарысы радикалдық идеялардың таралуына қолайлы орта қалыптастырып отырғаны атап өтілді.
Семинар барысында радикалдық идеология ұғымына философиялық және саясаттанулық тұрғыда талдау жасалып, оның экстремизм мен терроризмнен айырмашылығы нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар, деструктивті идеологиялардың жастар санасына әсер ету механизмдері, жалған діни және саяси ұрандардың қауіптілігі жан-жақты қарастырылды. Баяндамашылар радикалдық көзқарастардың көбіне әлеуметтік әділетсіздік, білім деңгейінің төмендігі, сыни ойлаудың әлсіздігі сияқты факторлармен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Іс-шарада алдын алу шараларының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысының рөлі, гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде философия, дінтану, саясаттану пәндерінің жастардың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызы сөз болды. Радикалдық идеологияның алдын алуда ашық диалог, толеранттылық мәдениетін дамыту, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу негізгі құралдар ретінде көрсетілді.
Семинар пікірталас форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын еркін білдіріп, сұрақтар қойды. Студенттер мен оқытушылар радикалдық идеологиямен күресте тек тыйым салу шаралары емес, ең алдымен ағартушылық, түсіндіру және мәдени-білім беру жұмыстарының тиімді екендігі жөнінде ортақ пікірге келді. 
05.02.2026ж 
Философия және саясаттану факультеті