Ұстазға құрмет: профессор Жұманов К. Б. дәріс залы және оқу зертханасы ашылдыFarabi University

Ұстазға құрмет: профессор Жұманов К. Б. дәріс залы және оқу зертханасы ашылды

5 ақпан, 2026

2026 жылғы 5 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде көрнекті ғалым, профессор Жұманов Кеңес Болатқұлұлының 90 жылдық мерейтойына орай жаңа дәріс залы, оқу зертханасы және білім алушыларға арналған коворкинг орталығы салтанатты түрде ашылды.

 

 

Іс-шара барысында қонақтарға жаңартылған дәріс залы, «Атомдық физика және нанотехнология» оқу зертханасы, сондай-ақ студенттерге арналған заманауи коворкинг аймағы таныстырылды. Оқу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің таныстырылымын физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен жүргізді. Салтанатты рәсімге ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, физика-техникалық факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, Қазақ физикалық қоғамының өкілдері, профессор Кеңес Жұманов, отбасы мүшелері, туған-туыстары, әріптестері мен достары, студенттер қатысты.

 

 

 

         Кеңес Болатқұлұлы 1959 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдап, осы факультетте 1962 жылдан бастап ғылыми-педагогикалық қызметте өзін жоғары біліктілігімен, кәсіби шеберлігімен жалғастырды. 1994–1996 жылдары «Оптика және плазма физикасы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып, білім беру үдерісінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Кеңес Жұманов Қазақ ұлттық университетінде болашақ физиктерге «Атомдық физика негіздері», «Атомдық спектроскопия», «Физикалық және сызықты емес оптика» пәндерінен дәріс оқып, магистрлік диссертациялар мен бакалаврлық бітіру жұмыстарына жетекшілік жасады.

Профессор Жұманов К.Б. – атомдық физика мен оптика саласы бойынша бірқатар іргелі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның еңбектері бірнеше буын студенттер мен магистранттар үшін негізгі оқу құралына айналды, бүгінгі күнде жоғары оқу орындарының оқу процесінде кеңінен қолданылады.

 

 

Ашылған оқу кеңістіктері қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып, студенттердің сапалы білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне және шығармашылық орта қалыптастыруға бағытталған. Аудиториялар мен зертханаларды заманауи үлгіде жабдықтауға профессордың ұлы, физика-техникалық факультетінің түлегі Жұманов Нұрлан Кеңесұлы демеушілік көрсетті.

Іс-шара барысында профессор Жұманов Кеңес Болатқұлұлының отандық физика ғылымы мен жоғары білім саласына қосқан зор үлесі, студенттерге деген қамқорлығы мен адами қасиеттері ерекше атап өтіліп, ұстаз-ғалымға үлкен құрмет көрсетілді.

Қорытынды бөлімінде профессор Кеңес Жұманов университет ұжымына, жас ғалымдар мен студенттерге ақ батасын берді.