ҚазҰУ ғылыми журналдары халықаралық стандарттарға сай
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі ғылыми басылымдар кеңістігінде жетекші орынға ие. Университет қабырғасында бүгінгі таңда 26 ғылыми журнал шығарылады. Бұл басылымдар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялауға және отандық ғылымды дамытуға бағытталған.
ҚазҰУ-дың 22 ғылыми журналын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған. Бұл университет журналдарының сапасы мен ғылыми деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
ҚазҰУ басылымдары халықаралық ғылыми қауымдастықта да сұранысқа ие. Университеттің төрт ғылыми журналы Scopus халықаралық дерекқорында индекстелген. Сонымен қатар бес ғылыми журнал Web of Science беделді базасына ұсынылып, әлемдік ғылыми айналымға енген.
Ғылыми журналдардың басым бөлігі «ҚазҰУ хабаршысы» сериясы аясында жарық көреді. Аталған серияға 17 ғылыми журнал кіреді. Бұдан бөлек, университет «Ашық жүйелер эволюциясының мәселелері» атты ғылыми журналды шығарады. Сондай-ақ ҚазҰУ-да жеті халықаралық ағылшын тіліндегі ғылыми журнал басылып, шетелдік зерттеушілермен байланысты нығайтуға ықпал етіп отыр.
Университеттің баспа саласындағы халықаралық серіктестігі бірлескен ғылыми жобалар арқылы да көрініс табуда. Соның бірі – ҚазҰУ қатысуымен шығатын «The New Research of Tuva» журналы. Бұл басылым халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың дамуына серпін беріп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми журналдары отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жас ғалымдар мен тәжірибелі зерттеушілер үшін сенімді ғылыми алаң қалыптастырып отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар