Ғ.Мұтанов БҰҰ Өркениет альянсының жаһандық форумында «Al-Farabi university smart city» жобасын ұсынды. БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Бакуде БҰҰ Өркениет Альянсы VII жаһандық форумы алаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов сөз сөйледі. Ұлы ойшыл Әл-Фарабиге арналған сессияға Өркениет альянсының Түрік ұлттық үйлестіру кеңесінің төрағасы Бекір Қарлыға, қазақ жазушысы, қоғамдық-саяси қайраткер Олжас Сүлейменов пен ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты. «Бүгінде баршамыз соғыс, лаңкестік, нәсілдік және діни төзімсіздіктің куәсі болудамыз. Экстремистік қақтығыстардың өсуі аясында кей адамдар терроризм, экстремизм ұғымын ислам дініне таңылған қауіпті қосымша ретінде тануда. Алайда қатарында Әбу Насыр әл-Фараби бар классикалық ислам ойшылдарының философиясында басымдық әмбебап рухани-адамгершілік құндылықтар мен идеалдарға берілген. Олар ізгі қоғам қалыптастырудың бейбіт жолдарын ғана ұсынған», - деді ҚазҰУ ректоры. «Қай кезеңде болмасын рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруде басты рөл білім беру жүйесіне, тұтастай, әсіресе университеттерге жүктеледі. Әл-Фараби адамгершілік құндылықсыз білім күллі адамзат үшін қауіп екенін айтқан. Сондықтан университеттер құзыретті мамандар ғана емес, сонымен қатар ізгілікті қоғам тұрғындарын қалыптастырудың қайнар көзіне айналуы тиіс», - деді Ғ. Мұтанов. ҚазҰУ ректорының айтуынша, осы проблемаларды сезіну Әл-Фараби атын иеленген университетке «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасын әзірлеуге негіз болды. Жобаның негізі Әл-Фараби ізгі қоғам идеясы болып табылады. Ал оны таратушылар - студенттер. «Дүниежүзінде 20 мыңнан астам университет бар, егер олардың әрқайсысы әлем азаматтарына жоғары адамгершілік құндылықтарды қалыптастырумен айналысатын болса, ізгі қоғам құрғанымызға сенімді боламыз. Сол кезде адам өркениеті орнықты дамып, бейбіт ғұмыр кешетініміз сөзсіз», - деп сөзін түйіндеді ректор. Еске салсақ, форумға БҰҰ мүше елдерінің үкіметтері мен мемлекеттер басшыларын қоса алғанда, 2000-ға жуық қонақ, саяси көшбасшылар, халықаралық және өңірлік ұйымдар өкілдері, жеке сектор, өнер, медиа, академия, донорлық ұйымдар, қорлар, әріптестік құрылымдар өкілдері қатысты. Жоғары деңгейдегі отырыста Баку декларациясын қабылдау жоспарлануда.