ҚазҰУ-да конституциялық реформалардың ел экономикасына ықпалы сараландыFarabi University

ҚазҰУ-да конституциялық реформалардың ел экономикасына ықпалы сараланды

9 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Конституциялық өзгерістер: әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында академиялық тыңдаулар өтті. Іс-шараға жетекші сарапшылар, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттары, сондай-ақ ғалымдар мен студент жастар қатысып, мемлекеттік жаңғырудың негізгі қырларын талқылады.

Кездесуді ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашып, жүргізіліп жатқан реформалардың академиялық қауымдастық үшін маңызын атап өтті. Өз сөзінде ол жаңартылған Конституция елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің берік іргетасы екенін айтты. Оның айтуынша, саяси жүйені жаңғырту Негізгі заңға өзгерістер енгізусіз мүмкін емес. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ елдің зияткерлік әлеуеті жаңа стратегиялық бастамаларды терең пайымдау мен іске асыруға бағытталатын алаңға айналуы тиіс, ал жоғары оқу орындары бүгінгі таңда ел өміріне белсенді қатысуға дайын жаңа буынды қалыптастыруда.

Талқылауға онлайн форматта заң шығарушы билік өкілдері де қосылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы өзгерістердің құқықтық аспектілеріне тоқталды. Ол қазіргі конституциялық реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға және заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталғанын, бұл өз кезегінде экономиканың серпінді дамуына жағдай жасайтынын атап өтті.

 

Тыңдаулар барысында офлайн және онлайн форматта ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Максим Рожин, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Дәулет Жарасбаев, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бақытбек Жұмабаев, Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Бекжан Сүнбеков, философия және саясаттану факультетінің «Саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Лескен Шыңғысбаев және басқа да спикерлер өз ойларын ортаға салды.

Қатысушылар конституциялық реформаларды сапалы ақпараттық қамтамасыз ету мен ғылыми сүйемелдеу олардың қоғам игілігі үшін табысты жүзеге асуының негізгі кепілі деген ортақ пікірге келді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі