ҚазҰУ-да «Мұқағали» спектаклі қойылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, халық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұқағали» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.
Рухани кеште «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері ақынның өмірі мен шығармашылығын сахналық тілмен өрнектеді. Спектакльде Мұқағали Мақатаевтың поэзия әлемі, оның терең философиясы мен адам жанына жақын сырлы жырлары кеңінен қамтылды.

Кештің негізгі мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын насихаттау, оның поэзиясы арқылы ұлттық рухты көтеру, көркем сөз құндылықтарын дәріптеу.

Мұзбалақ ақын өзінен кейін өлмейтін, өрісі кең, уақытпен үндескен мол мұра қалдырды. Ол халқын шексіз сүйіп, поэзияны өмірінің мәні ете білді. Сахналық қойылым барысында ақынның таңдаулы өлеңдері оқылып, оның шығармашылық болмысын аша түсетін көріністер мен музыкалық композициялар көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ қойылымда адамгершілік, отансүйгіштік, өмір мен махаббат тақырыптарын арқау еткен жырлар көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Кештен ерекше әсер алған жастар қойылымның тағылымдық мәніне жоғары баға берді. Жастар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері арқылы ұлттық құндылықтарды тереңірек сезінгендерін айтып, осындай рухани кеш үшін алғыстарын жеткізді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар