Академик Өмірбек Жолдасбеков туралы кітап таныстырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өмірі мен еңбегін баяндайтын «Академик Өмірбек Жолдасбеков» тарихи-танымдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның мақсаты – Өмірбек Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру, оның ғылыми еңбектері мен тарихи зерттеулерін қоғам назарына жеткізуге арналған.
Жиынға еліміздің белгілі ғалымдары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері және Ө.Жолдасбековтің жақындары мен шәкірттері қатысты. Шараны Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы, профессор Қансейіт Әбдезұлы ашып, академик Өмірбек Жолдасбековтің ғылым мен білім, ұлт руханияты саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев сөз алды. «Қазақстан жоғары мектебінің тарихында академик Өмірбек Арысланұлының өз кезеңі бар. Сол кезеңде Қазақстан жоғары мектебі материалдық-техникалық базасы жағынан да, оқытушы-профессорлар құрамы мен жоғары білімді, білікті мамандар даярлау сапасы жағынан да қарыштап дамыды. Қазақ мемлекеттік университеті Ө.Жолдасбеков басқарған кезеңде Кеңестер Одағындағы университеттер мен ЖОО арасында университеттік ғылым мен білім беру ісінде айрықша үлкен жетістіктерге жетті. Бұл өз кезегінде бүкіл еліміздің әлеуметтік дамуына тың серпін берді», – деді Жанғара Дәдебайұлы.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар Өмірбек Жолдасбековтің ғылыми мұрасын, оның педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметін жан-жақты талдады. Оқытушы-профессорлар кітаптың тарихи-танымдық құндылығына тоқталып, академиктің ұлттық тарихты зерделеудегі рөлін айрықша атап өтті. Сонымен қатар қатысушылар мұндай еңбектердің жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда, ұлттық рухани мұраға деген құрметін арттыруда маңызды екенін айтты.

Кітапта ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап ұлттық ғылымның дамуына үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Ө.Жолдасбековтің 1971 жылы қолға алған университет қалашығын салудағы жанкешті еңбегі, әлеуметтік әділдік үшін саяси күресі және еш жерде жарияланбаған Республикалық архив материалдарының деректері оқырман назарына ұсынылған.








Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар