Ректор Гарвардтағы қазақстандық жастармен кездестіFarabi University

Ректор Гарвардтағы қазақстандық жастармен кездесті

11 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Гарвард университетінің Кеннеди мектебінде білім алып жатқан қазақстандық жастармен кездесті. 

Ректор ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу әлеуеті, цифрландыру бағытындағы бастамалары, халықаралық қосдипломды бағдарламалар мен жетекші университеттермен бірлескен жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Президент тапсырмаларына сәйкес, ғылым мен жоғары білімді интернационалдандырудың маңызын атап өтті. Оқу ордасының басшысы шетелде білім алып жатқан жастарды елге оралып, мемлекеттік басқару, қоғамдық саясат, экономика және инновация салаларында жинақтаған тәжірибесін қолдануға шақырды.

Өз кезегінде қазақстандық студенттер Гарвардтағы оқу тәжірибесімен бөлісіп, жаһандық білім беру үрдістері, зерттеу мүмкіндіктері және көшбасшылық дағдыларды дамыту жайында пікір алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі