«Қазақ қоғамындағы әйел құқығының трансформациясы»Farabi University

«Қазақ қоғамындағы әйел құқығының трансформациясы»

11 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде рухани-мәдени өмірді байытқан мазмұнды әрі тағылымды кездесу өтті. 2026 жылдың 11 ақпан күні «Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының жүлдегері Гүлден Жылкелдиева студенттермен және оқытушылармен жүздесті. Кездесу «Қазақ қоғамындағы әйел құқығының трансформациясы» атты өзекті тақырыпқа арналды.

         Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі әлеуметтік мәселелердің көркемдік бейнеленуін талқылау, сондай-ақ әйелдің қоғамдағы орны, оның құқықтық, рухани және әлеуметтік мәртебесінің тарихи өзгерістерін саралау болды. Жиын барысында жазушы өз шығармашылығының қалыптасу жолы, келу себептері, сондай-ақ әдебиеттегі әйел бейнесін жасаудағы ұстанымдары туралы кеңінен әңгімеледі.

        Гүлден Жылкелдиева қазақ қоғамындағы әйел тағдырының эволюциясына тоқтала отырып, дәстүрлі ортадағы әйелдің рөлі, кеңестік кезеңдегі әлеуметтік өзгерістер және тәуелсіздік жылдарындағы жаңа мүмкіндіктер туралы ой қозғады. Ол қазіргі әдебиетте әйел тек отбасының тірегі ретінде ғана емес, қоғамның белсенді субъектісі, шешім қабылдаушы тұлға ретінде көрініс таба бастағанын атап өтті.

Жазушының пікірінше, әйел құқығы тақырыбы бүгінгі әдеби процесте ерекше маңызға ие. Кездесу барысында студенттер жазушыға шығармашылық процесс жөнінде сұрақтар қойып, мазмұнды пікір алмасу жүргізді. Автор жас қаламгерлерге үздіксіз оқу, қоғамдық құбылыстарға сергек қарау және ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен ұштастыра білу керектігін атап өтті.