Университет пен ҒЗИ арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріледіFarabi University

Университет пен ҒЗИ арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріледі

16 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Ғылым ордасына» қарасты ғылыми-зерттеу институттарының директорларымен кездесу өткізді.

 

Жүздесуге медицина ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының директоры Мақтағали Бектемесов, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының директоры Заир Уалиев, Математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмуд Садыбеков, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан,  Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова, «Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов және өзге де институт басшылары қатысты.

Жиын барысында ғылым мен өндіріс интеграциясын күшейту, жас ғалымдарды қолдау, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық гранттарға қатысу мүмкіндіктерін арттыру және ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері кеңінен талқыланды. Тараптар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру, заманауи зертханалар желісін дамыту және пәнаралық бағыттағы жобаларды көбейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ мен ҒЗИ ғалымдары бірлескен мақалаларды халықаралық ғылыми журналдарға көптеп жариялау қажеттігі айтылды.

Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде университет пен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі екенін айтты. Сонымен қатар ЖОО басшысы білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. 

Жүздесуде ғылыми-зерттеу институттарының басшылары ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ҚазҰУ-мен ортақ жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты жобалар аясында бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуге уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі