ҚазҰУ-да Баспасөз хатшыларының отырысы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да Баспасөз хатшыларының отырысы өтті

18 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орындарының баспасөз хатшыларының отырысы өтті.

Басқосуды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашты. Білім ордасының басшысы өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жоғары оқу орындары білім және ғылыммен қатар, инновацияны дамытып, ғылым жетістіктерін өндіріс пен қоғам игілігіне бағыттауы тиіс. Бұл – елдің тұрақты дамуының маңызды шарты», – дей келе, осы үдерісте университеттердің баспасөз қызметіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

Ректордың айтуынша, жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі сақталып, ақпарат алу және тарату құқығына кепілдік берілуі ашық қоғам құруға негіз болады. Жансейіт Қансейітұлы бүгінде университет беделі тек рейтингпен емес, оның ақпараттық кеңістіктегі имиджімен де өлшенетініне маңыз берді. Сондықтан цифрландыру дәуірінде баспасөз хатшылары мен медиа мамандар сапалы контент ұсынып, оқу орны мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуы тиіс.

Шарада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қоғаммен байланыс департаментінің директоры – баспасөз хатшысы Арман Жүнісов баяндама жасады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл форматтарына кеңінен тоқталып, конституциялық реформаларды кешенді медиа сүйемелдеу тәсілдерін таныстырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» идеологиялық платформаларын іске асыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын ілгерілету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. «Бұл бастамалар заңға құрмет, адалдық пен жасампаз еңбекке негізделген ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың бірыңғай құндылықтық негізін қалыптастырады. Жоғары оқу орындары – мемлекеттік идеологиялық саясатты жүзеге асыратын негізгі институттар. Осы үдерісте университеттің ақпараттық ортасын қалыптастыратын баспасөз қызметтерінің орны айрықша», – деді баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ кездесу барысында ҚР ҒжЖБМ Қоғаммен байланыс департаментінің Талдау, мониторинг және БАҚ-пен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Қарлығаш Қалыбекқызы университет жаңалықтарын жедел әрі шынайы түрде тарату, академиялық жетістіктерді кеңінен насихаттау мәселелеріне тоқталды. Ол ақпараттық жұмысты жүйелеу үшін нақты медиа-жоспар құрып, контентті алдын ала жоспарлау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, ресми сайттардың мазмұнын тұрақты жаңарту, бейнематериалдар мен инфографикаларды кеңінен қолдану қажеттігі айтылды.

 

 

 

Баспасөз хатшылары өз кезегінде университеттердің медиа кеңістіктегі ықпалын арттыруға қатысты сауалдар қойып, бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосу соңында жоғары оқу орындарының баспасөз қызметтері арасында тұрақты кәсіби әріптестік орнату, ортақ ақпараттық платформа қалыптастыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісім жасалды. Сонымен қатар баспасөз хатшыларына арналған тұрақты оқыту семинарларын ұйымдастыру, бірыңғай медиа-жоспар әзірлеу және цифрлық контенттің сапасын арттыруға басымдық беру туралы ұсыныстар қолдау тапты.    

Сондай-ақ коммуникация мамандары университеттің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің қызметі, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы мен Farabi суперкомпьютер ғылыми әлеуетімен танысты. Қонақтар KUKA Robotics, HUIBO Robotics, Farabi hub, орталығында болып, ғалымдармен пікір алысты. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі