Алматыда Т.Қожамқұловтың 70 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті
Алматыда Т.Қожамқұловтың 70 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Қожамқұловтың 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті. Саналы ғұмырын әлемдік ғылымның ажырамас бөлігіне арнаған Төлеген Әбдісағиұлы Қазақстанның білім-ғылым саласына өлшеусіз үлес қосты. Әлемнің атақты ғалымдарынан дәріс алып, көрген-білгенін, көкейге түйгенін жас ұрпаққа жетікізіп, үлкен жаңалықтар аша білген Қожамқұловтың еңбегі ескерусіз емес. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері. Төлеген Қожамқұлов І.Жансүгіров атындағы Талдықорған Мемлекеттік университетін және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған жылдары аталған оқу орындары әлемдік білім беру кеңістігіне шықты. Ғалымның бастамасымен ашылған Экспериментальды және теориялық физика ғылыми зерттеу институты бұл күндері өз жемісін беріп келеді. Ғылыми кеңеске жиналған зиялы қауым өкілдері мерейтой иесін құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді. Қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасының құттықтау хатын оқып берді. Төлеген Қожамқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: - Біздің мемлекетте жоғары оқу орындарының аясында тұңғыш рет ғылыми зерттеу институтын құрдық. Ал енді сол ширек ғасырда қандай нәтиже беріп жатыр. Біздің ғалымдар ең алғаш физикадан дүниежүзінде ешкімнен қалмай, ең алдыңғы шепте жұмыс жасап жатыр. Былтыр осы ғылыми зерттеу институтының алты қызметкері, физиктер үш буын мемлекеттік сыйлықтың иегері болды. Ол үлкен көрсеткіш. Біз үшін ол Нобель сыйлығымен бірдей.