Жаңа Конституцияның артықшылықтары айтылдыFarabi University

Жаңа Конституцияның артықшылықтары айтылды

19 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаңа Конституция: әділеттілік, заң үстемдігі және халық билігі – референдум еркімен» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Оның жұмысына профессорлар, оқытушылар  және білім алушы жастар қатысты. Кездесудің басты мақсаты Негізгі заңға енгізілген өзгерістерді талқылап, олардың қоғам дамуына ықпалын саралау болды.

Жиынды ашқан факультет деканы Алмас Бектанов жаңартылған Конституция қоғамның әділеттілікке және құқықтық институттарды нығайтуға деген сұранысын айқын көрсететінін атап өтті. Ол университеттік ортаның конституциялық құндылықтар жөнінде саналы, терең диалог жүргізілетін алаңға айналуы керектігін жеткізді. «Заң нормаларын меңгеріп, білу жеткіліксіз, олардың өмірдегі маңызын ұғыну қажет. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру білім беру процесінен басталады», – деді декан.

Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Нұрлыбек Тәуекелов өз сөзінде халық билігі қағидатының мәніне тоқталды. Ол референдум азаматтардың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуының нақты көрінісі болғанын айтып, енгізілген өзгерістер қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары Қанат Келдебеков конституциялық реформалардың ғылым мен жоғары білім саласына әсеріне назар аударды. Оның пікірінше, құқықтық тұрақтылық пен заң үстемдігі ғылыми зерттеулерді дамытуға, халықаралық әріптестікті кеңейтуге және қазақстандық университеттердің жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға негіз болады.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар билік тармақтарының тепе-теңдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері, сондай-ақ конституциялық жаңғыртудың білім беру саласындағы маңызы туралы пікір алысты.    

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі