ҚазҰУ командасы халықаралық құқықтық байқауда жүлделі болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті Халықаралық құқық кафедрасының командасы Ташкент қаласында өткен Philip C.Jessup International Law Moot Court Competition байқауының Орталық Азия өңірі бойынша ұлттық раундына қатысты.
ҚазҰУ бұл беделді халықаралық жарысқа соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы білімді әрі білікті студенттерден құралды: Әмина Нұрғалымова, Сарван Иманов, Айнұр Қалмұрзаева, Ибрагим Әшімов, Бексұлтан Асылбеков. Команданың жаттықтырушылары – заңгер Мәдина Молдабаева және PhD докторы, ассистент-профессор Ләззат Нысанбекова.
ҚазҰУ командасы терең талдауы мен табандылығының арқасында ерекшеленді. Байқау қатысушылардан халықаралық құқықты жетік білуді ғана емес, халықаралық сот тәжірибесін саралай алуды, күрделі құқықтық дәлелдер құрастыруды және заңдық ағылшын тілінде жоғары интеллектуалдық қысым жағдайында өз ұстанымын сенімді қорғауды талап етті.

Philip C.Jessup International Law Moot Court Competition – халықаралық жария құқық саласындағы әлемдегі ең ірі әрі ең беделді студенттік муткорт жарысы. Жыл сайын оған 100-ден астам елден 700-ден аса университет қатысады. Джессап байқауына қатысу – халықаралық құқық саласындағы заңгерлік білім берудің жоғары деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
ҚазҰУ командасы ұлттық кезеңде «Үздік меморандум» (Best Memorial) номинациясын жеңіп алды. Бұл – жазбаша құқықтық уәждердің сапасы, құрылымы, талдаудың тереңдігі мен дәлелділігі үшін берілетін Джессап байқауындағы ең беделді марапаттардың бірі.
Аталған жеңіс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасына Қазақстан атынан exhibition team ретінде халықаралық раундтарға қатысу құқығын береді. Бұл университеттің халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтіп, оның жаһандық білім беру кеңістігіндегі беделін нығайта түседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар