ҚазҰУ-да интеллектуалды жүйелердің болашағы талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Agentic AI: үлкен тілдік модельдерден – автономды жүйелерге дейін» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде ұйымдастырылып, жасанды интеллект саласындағы өзекті бағыттардың бірі – агенттік жүйелерді дамыту мәселесіне арналды.
Басқосуға отандық және шетелдік зерттеушілер, үлкен тілдік модельдермен (LLM) жұмыс істейтін мамандар, агенттік жүйелерді әзірлеушілер мен автономды ЖИ шешімдерін өндіріске енгізуге мүдделі инженер-практиктер қатысты. Жиынды Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы өткізді.

Шараны факультет деканы Тимур Иманқұлов ашып, цифрлық трансформация жағдайында жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ЖИ тек көмекші құрал емес, экономиканың түрлі секторында нақты шешім қабылдай алатын технологияға айналып келеді.
Дөңгелек үстел барысында Agentic AI тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Мамандар осы уақытқа дейін үлкен тілдік модельдер негізінен ассистивті функция атқарғанын, ендігі мақсат – өз бетінше жоспар құрып, ортаға бейімделіп, күрделі міндеттерді орындай алатын автономды жүйелер жасау екенін алға тартты. Мұндай шешімдер өндіріс, қаржы, білім беру, мемлекеттік басқару секілді салаларда кеңінен қолданылуы мүмкін.

Арнайы шақырылған спикерлер қатарында Қытайдың Сиань қаласындағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің профессоры Пэн Ван болды. Ол агенттік архитектураларды жобалау тәжірибесімен бөлісіп, қауіпсіздік, тұрақтылық және басқарылу мәселелерінің маңызына тоқталды. Сарапшы автономды жүйелерді енгізу барысында техникалық тиімділікпен қатар, жауапкершілік пен сенімділік факторлары да басты назарда болуы керектігін айтты.
Кездесу барысында қатысушылар агенттік ЖИ жүйелерін бағалау әдістері, оларды тестілеу стандарттары, этикалық шектеулер және өнеркәсіптік ортада енгізу тәжірибелері жөнінде ой бөлісті. Қазіргі таңда цифрлық процестердің күрделенуі мен деректер көлемінің артуы интеллектуалды жүйелерге қойылатын талапты күшейтіп отыр. Осы тұрғыда Agentic AI – технологиялық дамудың келесі логикалық қадамы ретінде қарастырылуда.

Халықаралық дөңгелек үстел ғылыми қауымдастық пен практик мамандар арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Қатысушылар бірлескен зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және агенттік жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу бойынша ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар