Коалиция өкілдері IT саласындағы жастармен кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева бастаған Жалпыұлттық коалиция өкілдері IT саласының мамандары және белсенді жастармен кездесті.
Білім ордасының Робототехника орталығында өткен жиынға Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері, IT саласының мамандары мен оқытушы-ғалымдар және студент жастар қатысты.
Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, қонақтарды оқу орнының робототехника және цифрлық технологиялар бағытындағы жетістіктерімен таныстырды. Ол елімізде жаңа Конституцияны қолдайтын Жалпыұлттық коалицияның құрылуы – қоғам жаңаруының айқын көрінісі екенін атап өтті.
Ректор алдағы 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызын ерекше айтып, әр азаматтың белсенді ұстанымы ел болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Өз сөзінде Аида Балаева жаңа Конституция жобасы елдің шикізаттық модельден адами капиталға негізделген даму кезеңіне қадам басқанын айқын көрсететінін атап айтты.
«Жаңа Конституция жобасында адами капитал ел дамуының басты басымдығы ретінде нақты айқындалған. Білім, ғылым, мәдениет және инновацияға ерекше мән беріледі, ал ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық принциптер деңгейіне көтеріледі. Бұл мемлекеттің болашағы тек табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен зияткерлік әлеуеті жоғары, білімді азаматтарға да сүйенетінін көрсетеді», – деді министр. Сонымен қатар министр жастарды алдағы жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға, өз азаматтық ұстанымын білдіріп, дауыс беруге шақырды. Ол референдум әр қазақстандық үшін ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайтын жауапты кезең екенін атап айтты.

Кездесу барысында студенттер де өз пікірлерін білдірді. Алматы студенттер альянсының төрағасы, Алматы қаласының студенттік омбудсмені, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті Айболат Нығметжанұлы: «Жаңа конституциялық жобада жастар үшін маңызды бағыттар айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда ғылымды дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект саласын қолдау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң және тәртіп» бастамалары біздің болашағымыз үшін аса қажет қадамдар. Бұл бастамалар егемен еліміздің одан әрі дамуына негіз болады деп сенеміз. Осы бағыттарды басшылыққа ала отырып, біз, жастар, білімді ұлт қалыптастырып, әділетті Қазақстан құру жолында еңбек етуіміз керек. Бұл белсенді азаматтық ұстаным танытатын кезең», – деді.

Кездесуге қатысушы қонақтар цифрландыру, жасанды интеллект, жастардың инновациялық жобалары және конституциялық реформаларды қоғамдық қолдау мәселелерін талқылап, Робототехника орталығының жұмысымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар