Ғалымдар бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттерін айқындадыFarabi University

Ғалымдар бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттерін айқындады

23 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында 2025-26 оқу жылындағы қысқы емтихан сессиясының қорытындылары және бірінші жартыжылдықтағы индикативтік жоспардың орындалу барысы жан-жақты қаралды.

Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева баяндама жасап, қысқы емтихан сессиясы академиялық күнтізбеге сәйкес жоспарлы түрде өткенін атап өтті. Оның айтуынша, емтихан нәтижелері – университет үшін бақылау құралы ғана емес, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді басқарушылық шешімдер қабылдаудың маңызды тетігі.

Қазіргі таңда университетте академиялық адалдық қағидаттарын сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны азайған. Сонымен қатар емтихан үдерістерін цифрлық форматта сүйемелдеу деңгейі артып, білім сапасын бағалау тетіктері жетілдірілуде.

Сондай-ақ факультеттер бойынша қойылатын бағалар мен орташа GPA көрсеткішін талдау академиялық нәтижелердің тұрақтылығын көрсетті. Студентке бағдарланған оқыту қағидаттарына сәйкес, бағалау саясатын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Университет алдағы уақытта білім сапасын басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастырып, заманауи аналитикалық құралдар мен BI-жүйелерді кеңінен қолдануды жалғастырады. Бұл деректер негізінде нақты әрі уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік бермек.

Басқосуда 2025-26 оқу жылына арналған жартыжылдық индикативтік көрсеткіштердің орындалуы туралы Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма баяндады. Қосымша сараптаманы Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова жасады. Спикер  Ж.Байжұма университет қызметі халықаралық QS және THE рейтингтерінің талаптарымен, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарының көрсеткіштерімен тиімді үйлестірілгенін жеткізді.

Баяндамада ғылыми жарияланым белсенділігінің өсуі, халықаралық әріптестіктің нығаюы, академиялық ұтқырлықтың кеңеюі және халықаралық ғылыми жобаларға қатысу көрсеткіштерінің артуы туралы айтылды. Осы орайда, жоғары рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланымдар санын көбейтуге, дәйексөз деңгейін арттыруға және сыртқы қаржыландыру тартуға басымдық берілетіні атап өтілді.  

Жиын қорытындысында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қаралған мәселелердің стратегиялық маңызына тоқталды. Ректор білім сапасын бағалау жүйесін одан әрі жетілдіру, академиялық үдерістерге бақылауды күшейту, университеттің халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайту және цифрлық басқару құралдарын жедел енгізу қажеттігін тапсырды.

Ғылыми кеңес отырысының нәтижесінде білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті дамытуға және университеттің халықаралық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған басым міндеттер айқындалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі