Жақыповтың жарқын жолы
Жақыповтың жарқын жолы. Биылғы шара «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті тұлғаны дамытудың қазіргі тенденциялары» атты тақырып аясында жүргізілді. Сондай-ақ шара аясында ғалымның артта қалған ұрпақтары мен ұстаздарының демеушілігімен факультетте «С.Жақыпов атындағы аудитория» ашылды. Аудиторияда ғалымның құнды еңбектері, қолжазбалары, пайдаланған заттары, өмірінен, қызметінен сыр шертетін естелік суреттер орналастырылған. Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы А.Масалимова: «Сатыбалды Мұқатайұлы – біздің факультетімізде жиырма жылдан астам уақыт еңбек еткен, әрі ҚазҰУ-да қазақ психологиясының кәсіби негізін салушылардың бірі болды. Биылғы конференцияның бір ерекшелігі – бір топ шәкірттерінің үлкен ниетпен, ғалым ағаға арналған аудиторияны ашу салтанаты. Әр шәкірт өз ұстазына осындай құрмет көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, білікті ғалым арамыздан ерте кетіп қалды, бірақ ол кісінің қалыптастырған қазақ психологиясының мектебі, негіздері, осы кафедрада қалыптасып, әлі де талай мықты ғалымның қалыптасуына септігін тигізеді» деп ғалым жайлы жылы пікір білдірді. Сатыбалды Жақыпов атындағы аудиторияның лентасын қиған, педагогика және психология ғылымдарының докторы, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Құбығұл Жарықбаев: «Жақыпов – қазақ психологиясының көрнекті өкілдерінің бірі де, бірегейі. Осы ғылымда негізгі үш негізгі тарихи ғалым бар еді. Оның біріншісі – педагогиканың негізін салған академик Төлеген Тәжібаев болатын. Ол – педагогика ғылымы саласында Қазақстандағы тұңғыш доктор және академик. Екіншісі – психологияда артына өшпес із қалдырған Мұқанов деген ағамыз еді. Оның 15-ке жуық еңбегі Мәскеуде «қазақтың психологиясы» тақырыбында тұңғыш қорғалып, орыс ағайындарды қазақпен мықтап таныстырған еді. Ал біраз уақыттан кейін С.Жақыпов осы сара жолды жалғай түскен үшінші ғалымға айналды. Өзінің саналы ғұмырында Сатыбалды Жақыпов қазақ психологиясын сан жағынан да, сапа жағынан да дамытты.Қазіргі психологияның өзекті мәселелеріне 50-ден астам кандидаттық және докторлық жұмысқа жетекшілік еткен бұдан басқа ғалым жоқ. Сондықтан мына конференцияның өтуі, өте орынды. Бұл кісінің бір ерекшелігі – этнопсихологияны орыстарға таныту үшін, сол тілде 20-дан астам ғылыми мақала жариялады. Бізде конференцияның материалдары ол кезде 19 том болып шықты. Соның әрқайсысында жаңа ой болды. Бұл қазақтың педагогикалық этнопсихология дейтін саласын Қазақстанда ғана емес, ТМД елдеріне жеткізген ғалым. Сондықтан да біз бұл кісінің орнын мақтаныш етіп, конференцияның ұйымдастырылып отырғаны өте орынды» деп өткізіліп отырған шараға оң бағасын берді. Көзі тірісінде 2 монография, 21 оқу құралы, 30-ға жуық әдістемелік құрал және 280-нен астам ғылыми мақалалардың авторы болған ғалым Сатыбалды Жақыповтың ұстаздық кемеңгерлігі де шәкірттерінің жүрегінде. Бүгінде білдей профессор, ғалым атанып жүрген мықты психологтардың өзі ағаның мектебінен шыққан шәкірттер екенін мақтан тұтып келеді. Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияда ғалымдар, оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер Сатыбалды Жақыповтың қазақ психологиясына қосқан зор үлесімен танысып, баяндамашылардың мазмұнды ойынан ой қорытып, конференция аясында шығарылған көлемді жинақтың құнды материалдарымен танысты. Әсіресе, жас ғалымдар үшін бұл конференцияның орны ерекше болды.
Нұргүл Тоқсанбаева