Конституциялық өзгерістер зерттеу әлеуетін арттырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде «Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға университет ғалымдары, сарапшылар, докторанттар мен студенттер қатысты.
Дөңгелек үстелде қатысушылар конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ жаңа Қазақстан құру жолындағы ғылыми қауымдастықтың үлесі туралы пікір алмасты.

Молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры Айтқожа Биғалиев өз баяндамасында жаңартылған Конституцияның қабылдануы мемлекет дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтіп, оның демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашқанын айтты. Жоғары оқу орны қабырғасында құқықтық мемлекеттің дамуына белсенді үлес қосатын болашақ мамандардың дүниетанымы қалыптасатынын алға тартты.

Ал Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының профессоры Сұлтан Төлеуханов ғылым мен мемлекеттік саясаттың өзара байланысына назар аударды. Оның айтуынша, конституциялық реформалар еркін ғылыми ізденіске жағдай жасап, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтты және жаңғыру үдерісіндегі ғылымның стратегиялық рөлін айқындады.

Сондай-ақ басқосуда Ботаника және агроэкология кафедрасының профессоры Әшімхан Қанаев, Зоология, гистология және цитология кафедрасының профессоры Зура Есімсейітова, Биотехнология кафедрасының профессоры Перизат Уәлиева баяндама жасады.

Талқылау барысында қатысушылар ашық диалогтің маңыздылығына тоқталып, академиялық ортада құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ғылыми және қоғамдық бастамаларға алдағы уақытта да белсенді қатысуға дайын екендерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар