Түркияның бас консулы ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркия бас консулдығының бастамасымен білім алушы жастарға арналған үш күндік ауызашар жалғасуда. Игі шараның екінші күніне Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Туғба Өзденфедакар арнайы қатысып, студент жастармен жүздесті.
Кездесу барысында бас консул Рамазан айының адамзатты мейірімге, сабырлық пен өзара қолдауға үндейтін рухани мәніне тоқталды.

Сонымен қатар қазақ-түрік ынтымақтастығының білім мен мәдениет саласындағы байланыстары жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Сөз соңында ол студент жастарға оқуда табыс, жарқын болашақ тіледі.

Ауызашар дастарханы демеушілердің қолдауымен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Фараби кітапханасы, сондай-ақ заң факультеті мен биология және биотехнология факультеті асханаларында жайылуда.

Шара студенттерге қасиетті айдың шапағатын сезінуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың бір-бірімен жақын араласуына, өзара сыйластық пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар