ҚазҰУ-да академик Төлеген Тәжібаев мұрасы дәріптелді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, академик Төлеген Тәжібаевтың туғанына 116 жыл толуына орай, «Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі психологиялық-педагогикалық зерттеулер: болашағы және дәстүрлер сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Философия және саясаттану факультеті ұйымдастырған шараға университет басшылығы, жетекші ғалымдар, сарапшылар, оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушы жастар қатысты.

Жиын ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев оқыды.

«Бүгінгі іс-шара тарихи тамырларды, ғылыми дәстүрлер мен болашақ даму бағдарларын тоғыстырады. Академик Төлеген Тәжібаевтың тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық сана-сезімді дамыту және бірегей ғылыми мектепті қалыптастыру жөніндегі идеялары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ және жаңа буын кадрларын даярлаудың негізі болып қала бермек», – делінді құттықтауда.

Сонымен қатар өз сөзінде декан: «Төлеген Тәжібаев – отандық психология мен педагогиканың қалыптасуына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі. Оның қызметі ғылыммен ғана шектелмеді. Ғалым Қазақстанның дипломатиялық қызметін құруға және халықаралық қатынастарды нығайтуға да орасан зор күш-жігер жұмсады», – деп атап өтті.

Сондай-ақ конференция барысында Гази университетінің профессоры Юджель Гелишли, Ресей халықтар достығы университетінің профессоры Дмитрий Ермаков, Ташкент фармакология институтының доценті Бариохон Болтаева және өзге де шетелдік ғалымдар баяндама жасады.

Пікірталастар «бейімдік дағдыларды» (soft skills) дамыту мәселесінен бастап, оқу үдерісінде несие-модульдік жүйеге инновацияларды енгізуге дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар классикалық мұраны заманауи білім беру стратегияларына интеграциялау мәселесіне назар аударды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар