Руслан Берденов ҚазҰУ студенттерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы, «Forbes» журналының «50 under 50» тізіміне енген қазақстандық кәсіпкер Руслан Берденов оқу ордасының студент жастарымен кездесу өткізді.
Жүздесу Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарындағы сапалы білім беру, жастарды жұмыспен қамту, инновация мен өндірісті дамыту, сондай-ақ жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру бағыттарымен тікелей үндесіп, білім алушы жастардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталды.

Шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров құттықтау сөзбен ашып, Руслан Берденовтің еңбек жолына, қоғамдық бастамалары мен қала дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Проректор мұндай кездесулер студенттердің кәсіби бағдарын айқындауда және көшбасшылық қабілеттерін дамытуда маңызы зор екенін атап өтті.

Кездесу барысында Руслан Берденов өзінің кәсіби қалыптасу жолы, алғашқы бастамалары жайлы айтып, бизнес жүргізудегі тәжірибесімен бөлісті. Ол табысты кәсіпкер болу үшін үздіксіз ізденіс, сапалы білім, еңбекқорлық пен батыл шешім қабылдай білу қажеттігін жеткізді. «Университет құрылысының екінші даму жоспарымен таныстым. Оқу ордасы күн санап көркейіп келеді. Студенттердің саны да жыл сайын артуда. Сондықтан қазіргі заманда бәсекеге қабілетті болу үшін цифрлық технологияларды меңгеру, креативті ойлау және тұрақты даму қағидаттарын ұстану аса маңызды», – деді Руслан Арысбекұлы.

Кездесу соңында студенттер кәсіпкерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, бизнес ашу, инвестиция тарту, стартап жобаларды дамыту және жеке бренд қалыптастыру жөнінде кеңестер алды.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар