ҚазҰУ заңгер-ғалымдары Конституция жобасына арналған оқу құралын таныстырдыFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ заңгер-ғалымдары Конституция жобасына арналған оқу құралын таныстырды

28 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заңгерлері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған оқу құралын көпшілікке ұсынды. Авторлар жаңа Конституция әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, өмір сапасына тікелей қатысты екенін атап өтіп, оның ережелерін тек мамандар ғана емес, бүкіл қоғам түсінуі маңызды екенін жеткізді.

Оқу құралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдар ұжымының дайындауымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Басылым жаңа Конституция жобасын жан-жақты талдауға арналған. Онда қолданыстағы Негізгі заң нормалары мен ұсынылып отырған өзгерістер егжей-тегжейлі салыстырылып, әрбір түзетудің себептері түсіндірілген. Өзгерістердің құқықтық әрі әлеуметтік мәні ашылып, жаңа ережелерді іске асыру нәтижелеріне тоқталған. Сонымен қатар жобаға енгізілген түбегейлі жаңа идеялар мен құндылықтарға ерекше назар аударылып отыр. 

Авторлар ұжымын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы–Ректоры, Конституциялық комиссия мүшесі Жансейіт Түймебаев басқарды. Басылымды дайындауға университеттің 28 оқытушы-профессоры қатысты.

Сондай-ақ қоғамдық талқылау барысында 10 мыңнан астам ел азаматы өз ұсыныстарын білдіргені атап өтілді. Жаңа Конституция жобасында ҚазҰУ ғалымдарының да бірқатар бастамалары көрініс тапқан.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Түймебаев: «Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, құқықтық жүйенің негізі, қоғам құрылымының қағидаларын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін, биліктің тепе-теңдігін орнататын, қоғамның тұрақты дамуының принциптерін белгілейтін құжат. Оның мазмұны әрбір адамның өмір сүру сапасына, оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдігіне, даму мүмкіндіктеріне және өз мүдделерін қорғауына тікелей әсер етеді. Осы ұсынған оқу құралында қолданыстағы Конституция нормалары мен жаңа Конституция жобасының нормалары салыстырмалы түрде талданады. Әрбір бапқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізделеді, ерекше жаңа идеялар айқын көрсетіледі. Осы идеялардың мақсаты түсіндіріліп, олардың жүзеге асырылуы нәтижесінде қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатыны айтылады», – деп атап өтті.

Сонымен бірге жоба жаңа мемлекеттік институттарды құруды көздейді. Атап айтқанда бірпалаталы Парламент – Құрылтай құру, вице-президент институтын енгізу және болашақта жоғары консультативтік орган ретінде Қазақстан Халық кеңесін қалыптастыру ұсынылған.

Оқу құралын әзірлеушілердің айтуынша, бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттілікті нығайтуға және елдің одан әрі дамуына бағытталған заманауи әрі орнықты құқықтық негіз болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі