Шэньси провинциясымен серіктестік кеңейеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне вице-губернатор Ли Цзюнь бастаған Қытайдың Шэньси провинциясы Халық үкіметінің делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында делегация мүшелері ҚазҰУ базасындағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының қызметімен танысты.
Құрметті қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алды. Тараптар филиалды дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Делегация құрамында Провинциялық халық үкіметі бас хатшысының орынбасары Лэй Цзяншэн, Халықаралық істер жөніндегі кеңсенің басшысы Яо Хунцзюань, сондай-ақ Сауда департаменті мен Халықаралық сауданы жылжыту жөніндегі Қытай кеңесінің өкілдері бар.

Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының президенті және Халықаралық колледжінің деканы Конг Цзе құрметті меймандарға бөлімшенің жетістіктері туралы баяндады.
Вице-губернатор Ли Цзюнь филиалда оқып жатқан студенттермен әңгімелесіп, олардың жоғары дайындық деңгейін және екі ел болашағы үшін сапалы техникалық білім алудың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөз нәтижесінде тараптар «Huibo» орталығы негізінде робототехника және жасанды интеллект саласындағы зерттеу жобаларын жүргізуге, келісілген оқу жоспары бойынша магистранттарды даярлауға уағдаласты. Бұған қосымша, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар мәселелеріне арналған ғылыми конференциялар, форумдар мен семинарлар ұйымдастыру және өткізу бағыттарын бірлесіп жүзеге асыруға шешім қабылдады.

Сапар аясында делегация мүшелері Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында болып, ғылыми жобалар нәтижелерімен танысты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар