Көрнекті дипломат ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі дипломат, төтенше және өкілетті елші Константин Жигаловпен кездесу өтті. ҚазҰУ-дың тарих факультетінің 1981 жылғы түлегі оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында көшбасшылық дәріс оқыды.
Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашты. Университет басшысы қонақты қарсы ала отырып, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруда мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Ректор Константин Жигаловқа салтанатты түрде «Әл-Фараби» алтын медалін және оның архивтегі студенттік құжаттарының көшірмелерін табыс етті. Бұл сәт ұрпақтар сабақтастығы мен университет дәстүрлеріне адалдықтың символына айналды.

«Еліміздің стратегиялық қайта құруларының бастауында әрдайым өз ісіне берілген азаматтар тұрды. Осындай көрнекті тұлғалардың бірі – Константин Васильевич Жигалов. Оның еңбек жолында сыртқы істер министрінің орынбасары, Президент көмекшісі лауазымдарындағы орасан зор тәжірибе бар. Константин Васильевич Қазақстан Республикасының Ұлыбритания, Польша, Бельгия, Люксембург, Нидерланды және басқа да елдердегі төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды. Сонымен қатар құрметті қонағымыз Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ пен НАТО жанындағы өкілдігін басқарды. Мемлекеттік және дипломатиялық қызметке қосқан үлесі үшін ол II дәрежелі «Достық» орденімен және бірқатар елдердің мемлекеттік наградаларымен марапатталған», – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

Университет басшысы Таяу Шығыстағы күрделі саяси жағдайға да тоқталып, әскери қақтығыстар шиеленіскен тұста дипломаттар миссиясының маңызы ерекше арта түсетінін жеткізді.

Константин Жигалов жылы қабылдау үшін алғыс айтып, ҚазҰУ басшысымен оны достық қарым-қатынас, студенттік жастық шақ және халықаралық құрылыс отрядындағы жұмыс байланыстыратынын айтты. Дәріскер өзінің төрт онжылдықтан астам уақытты қамтитын кәсіби жолы туралы қызықты әңгімелеп берді. Ол 1992 жылғы қаңтардағы Давос экономикалық форумы, тәуелсіз Қазақстан Президентінің БҰҰ-дағы алғашқы сөздері, түрлі елдерде, соның ішінде Ұлыбританияда елшіліктердің ашылуы сияқты маңызды халықаралық оқиғаларға қатысудағы бірегей тәжірибесімен бөлісті.

Дипломат сонымен қатар Қазақстанның Еуропалық одақ пен НАТО-дағы мүдделерін қорғаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Ол кәсіби дипломат үшін байланыстардың қаншалықты маңызды екеніне және халықаралық саясаттың күрделі мәселелерін шешуде олардың алар орнына назар аудара отырып, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін берді. «Мен үшін қара шаңырағыма оралып, болашақ мамандармен білімімді бөлісу – үлкен мәртебе. Дипломатия – тіпті ең күрделі тарихи кезеңдерде де келісімге келу және көпір салу өнері», – деді Константин Васильевич.

Кездесу соңында дәріскер мен аудитория арасында «сұрақ-жауап» форматында мазмұнды сұхбат өтті, оған халықаралық қатынастар факультетінің студенттері мен оқытушылары белсенді қатысты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар