«Жеке қаржыны басқарудың негізгі қағидалары» тақырыбында ашық сабақ
Физика-техникалық факультетінің қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасында «Жеке қаржыны басқарудың негізгі қағидалары» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Іс-шараға Материалтану және жаңа материалдар технологиясы мамандығының 1 курс студенттері мен топ эдвайзері Айтжанов М.Б. қатысты. Сабақ қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған мазмұнды әрі интерактивті форматта ұйымдастырылды.
Сабақтың негізгі мақсаты – студенттерге жеке қаржыны тиімді басқару жолдарын түсіндіру, табыс пен шығынды жоспарлау дағдыларын қалыптастыру және қаржылық тәуекелдердің алдын алу туралы ақпарат беру болды. Қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы, оның тек ақша үнемдеу емес, сонымен қатар саналы шешім қабылдау мен жауапкершілікке негізделетін өмірлік дағды екені атап өтілді.
Теориялық бөлімде қаржылық жоспарлауды ерте бастаудың артықшылықтары түсіндірілді. Күрделі пайыз ұғымы қарапайым мысалдар арқылы көрсетіліп, тұрақты түрде аз мөлшерде жинақ жасау ұзақ мерзімде елеулі нәтижеге жеткізетіні айтылды. Уақыт факторының маңызы мен нақты қаржылық мақсат қою қажеттілігі талқыланды.
Сабақ барысында қаржылық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен қарастырылды. Ойланбай алынған қарыздардың салдары, жоғары табыс уәде ететін күмәнді ұсыныстар, құмар ойындардың қаупі және білімсіз инвестиция жасаудың тәуекелі туралы нақты мәліметтер берілді. Қаржылық шешім қабылдауда сыни ойлаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Практикалық бөлімде «Айлықты басқар» атты интерактивті ойын ұйымдастырылды. Студенттер үш топқа бөлініп, әртүрлі әлеуметтік рөлдер (студент, жас отбасы, жас маман) негізінде шартты айлық табысты негізгі шығындарға бөліп, кемінде 10–20% мөлшерінде жинақ қалдыру міндетін орындады. Әр топ өз шешімін негіздеп қорғап, ұсынылған қосымша жағдаяттар бойынша (күтпеген шығындар, табыстың азаюы, бөліп төлеу ұсыныстары) қаржылық жоспарды қайта қарастырды. Бұл бөлім студенттердің белсенділігін арттырып, нақты өмірлік жағдайларды талдау арқылы практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Сабақ қорытындысында қаржылық тәртіп, жауапкершілік және болашақты ойлай білу мәселелері түйінделді. Қатысушылар жеке қаржыны дұрыс басқару – тұрақты әрі сенімді болашақтың негізі екенін түсінді.
Аталған ашық сабақ студенттердің қаржылық мәдениетін қалыптастыруға, саналы тұтыну дағдыларын дамытуға және жеке жауапкершілігін арттыруға ықпал етті. Мұндай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар болашақ мамандардың өмірлік құзыреттілігін жетілдіруде маңызды рөл атқарады.
Басқа жаңалықтар