Әйелдердің жасанды интеллект дамуындағы рөлі талқыланды
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Ғылымдағы әйелдер» атты халықаралық воркшоп өтті.
Шараға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар қатысып, жасанды интеллект (AI) пен машиналық оқыту (ML) технологияларын дамыту мәселелерін талқылады. Бүгінде бұл технологиялар тек цифрлық медицинада ғана емес, күнделікті өмірдегі күрделі деректерді өздігінен талдап, шешім шығаруда негізгі құралға айналып отыр.

Жиынды ашқан факультет деканының орынбасары Нұрбол Бейсов технологиялық әзірлемелерге әйелдердің қатысуы ғылыми идеялар ауқымын кеңейтетініне тоқталды. Ол өз кезегінде бұл воркшоп гендерлік теңдік пен сапалы білім беруді көздейтін Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Қатысушылар жаңа технологияларды енгізудің тәжірибелік аспектілеріне ерекше назар аударды. ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі Мәдина Мансұрова бүгінгі таңда әйел-зерттеушілер машиналық оқыту алгоритмдерін дамытуға шешуші үлес қосып отырғанын айтты. Ол әйелдердің сараптамалық білімдері жоғары технологияларды нақты әлеуметтік қажеттіліктерге бейімдеуге көмектесетін пәнаралық ортаны қалыптастыратынын жеткізді.

Спикерлер ақпараттық технологиялар саласындағы Орталық Азия ғалымдарының күш-жігерін біріктіру жас мамандар үшін жаңа көкжиектер ашатынын және заманауи технологиялық сын-қатерлерге тиімдірек жауап беруге мүмкіндік беретінін алға тартты.

Воркшоп аясында нейроғылымдар мен инженерлік шешімдер саласындағы сарапшылар да сөз сөйлеп, медицинада жасанды интеллектіні қолдану тәжірибелерін таныстырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі