ҚазҰУ-да жаңа конституциялық модель сарапталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаңа Конституция – жаңа Әділетті Қазақстан – демократиялық дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ауқымды дөңгелек үстел өтті.
Жиында университет ғалымдары мен сарапшылары бас қосып, ел дамуының жаңа конституциялық моделін талқыға салды. Шара мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге көтерудің ғылыми-құқықтық негіздерін айқындауды мақсат етті.
Ғылыми кездесудің модераторлары ретінде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов және заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.

Жиынды ашқан Еркін Дүйсенов жаңа Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын негізгі құқықтық құжат екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, конституциялық реформа мемлекеттік институттарды жаңғыртумен қатар, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей бағытталған. Бұл реформалар еліміздің тұрақты дамуын, құқық үстемдігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін стратегиялық қадам екенін алға тартты.

Талқылау барысында Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Қарлығаш Үсейінова конституциялық өзгерістердің ғылыми-құқықтық аспектілеріне терең талдау жасады.


Сондай-ақ заң ғылымының докторы Дина Баймаханова, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев және тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов негізгі баяндама жасап, Ата заңдағы өзгерістерді саяси, құқықтық және тарихи сабақтастық тұрғысынан жан-жақты қарастырды.


Қатысушылар жаңа конституциялық модельдің мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтудағы рөлі туралы пікір алмасты. Ғалымдар мен сарапшылар қабылданған конституциялық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін ғылыми қолдаудың маңызды екенін алға тартып, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде демократиялық бағыттағы дамуына сенім білдірді.

Жиын нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы республикалық референдум қорытындыларына қолдау білдіріп, ортақ мәлімдеме жасады:
Референдум өтті: жаңа қоғамдық келісім бекітілді
Өткен жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындылары қоғамның жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістерге деген көзқарасын айқын көрсетті. Көптеген кездесулер мен қоғамдық талқылаулар барысында азаматтардың конституциялық реформаға деген қызығушылығы жай ғана қызығушылықпен шектелмей, терең әрі жүйелі өзгерістерге деген саналы сұраныспен ұштасып отырғаны байқалды. «Не өзгереді?» және «Еліміз алдағы уақытта қалай дамиды?» деген сұрақтар жаңа Конституция жобасы төңірегіндегі қоғамдық диалогтың негізгі өзегіне айналды. Бұл өз кезегінде қоғамның ел болашағына бейжай қарамайтынын және мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын талқылауға белсенді түрде қатысуға дайын екенін көрсетті.
Сайлаушылардың жоғары белсенділігі және азаматтардың, соның ішінде тұтас отбасылардың дауыс беруге қатысуы қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетеді. Көптеген қазақстандықтар үшін референдумға қатысу формалды рәсім емес, өз азаматтық ұстанымын саналы түрде білдірудің және мемлекетті басқару үдерістеріне нақты қатысудың маңызды тетігі болды. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің нығая түскенінің айқын көрінісі.
Жаңа жағдайда азаматтық қоғамның дамуы ерекше маңызға ие. Жаңа конституциялық модель азаматтық сектор мен қоғамдық институттардың рөлін жүйелі түрде күшейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Сондықтан ел өміріне азаматтардың қатысуы тек декларативті сипатта емес, шынайы институционалдық және ықпалды деңгейде жүзеге асуы маңызды.
Референдумға қатысып, белсенді азаматтық ұстаным танытқан әрбір азаматқа алғысымызды білдіреміз. Мемлекетіміздің конституциялық негіздерін нығайту жолында маңызды қадам жасалды. Алда қабылданған конституциялық өзгерістерді тиімді жүзеге асыруға бағытталған ауқымды әрі жауапты жұмыс күтіп тұр.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар