Ректор Ата Заңға арналған салтанатты жиынға қатыстыFarabi University

Ректор Ата Заңға арналған салтанатты жиынға қатысты

17 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен  Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты.

Ақордада өткен іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері жиналды.

Шарада Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.

Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.

«Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі. Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді. Қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық. Оның өне бойында бабаларымыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашылдық ұғымдары тоғысқан», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде   Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегін айрықша атап өтіп, референдумға белсенді қатысқан барша қазақстандыққа ризашылығын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі