Отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлер дәріптелді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Парасат» кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Шаңырақ күніне» арналған салтанатты шара өтті. Ұлттық отбасылық құндылықтарды ұлықтауға арналған дөңгелек үстелге университет ұжымынан 55 отбасы қатысты.
Кездесудің модераторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, отбасы институтының мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Академик өз сөзінде: «Отбасы – қоғамымыздың тірегі, дәстүрлер мен құндылықтардың сақтаушысы. Мұндай кездесулер адамға өз отбасында түсіністік, сыйластық пен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады», – деп пікір білдірді.

Шара барысында түрлі буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Ұйымдастыру және протокол қызметінің директоры Әбілқайыр Әубәкіров пен филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекованың 44 жылдық ғибратты одағы көпшілікке үлгі болды. Баян Өмірбекқызы өз ата-анасынан алған тәрбиесін мысалға келтіре отырып, махаббат пен адалдықтың, қиындықта бірге болудың маңыздылығын, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі жауапкершілік қағидаттарын әсерлі баяндады.

Сонымен қатар Студенттік қалашық директоры Әбдіқахар Сейітжанов пен София Әлімова, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті деканының орынбасары Қанат Келдебеков пен Жұлдыз Бекбауова секілді отбасылар да өзара қолдаудың бақытты өмір сүрудегі маңызы туралы ойларымен бөлісті.

Кездесуде қазақтың ұлттық дәстүрлеріне, соның ішінде «жер үстел» секілді бірліктің символына айналған ұғымдарға ерекше мән берілді. Қатысушылар үлкенді құрметтеу, ошақ иесі ретіндегі әйел мен отбасы тірегі ретіндегі ер адамның рөлі жайлы пікір алысты.
Жиынды қорытындылаған Берекет Кәрібаев мазмұнды әңгімелері үшін қатысушыларға алғыс айтып, әр отбасыға естелік сыйлықтар табыс етті.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар