«Эко-зертхана: Қалдықтарды сұрыптаудың ғылыми негіздері»
Плазма физикасы, нанотехнологиялар және компьютерлік физика кафедрасының ұйымдастыруымен 14 наурызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында студенттерге «Қалдықтарды сұрыптаудың ғылыми негіздері» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шарасы өтті. Негізгі мақсат – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және қалдықтарды дұрыс сұрыптаудың ғылыми негіздерін түсіндіру болды. Сонымен қатар, бұл шара Тұрақты даму мақсаттарының 12-мақсаты – «Жауапты тұтыну және өндіріс» және 13-мақсаты – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», сондай-ақ 17-мақсаты - «Құрлықтың экожүйесін сақтау» бағыттарына сәйкес ұйымдастырылды.
Іс-шара лекциялық бөлімнен басталып, қатысушыларға тұрмыстық қалдықтардың түрлері, оларды бөлек жинау ережелері және қайта өңдеу тәсілдері туралы толық мәлімет берілді. Пластик, қағаз, шыны, металл және органикалық қалдықтардың физика-химиялық қасиеттері түсіндіріліп, олардың экологияға, адам денсаулығына және экономикаға әсері ғылыми тұрғыда негізделді.

Практикалық бөлімде студенттер топтық шығармашылық жұмысқа тартылып, қалдықтарды сұрыптау тақырыбында плакаттар әзірледі. Жұмыстар көпшілік алдында қорғалып, әр топ өз көзқарасын дәлелдеп ұсынды. Бұл кезең студенттердің сыни ойлау және топпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Білім деңгейін анықтау мақсатында викторина ұйымдастырылып, қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен плакаттар «жандандырылып», экология мен цифрлық технологиялардың өзара байланысы көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығын терең түсінгендерін атап өтті. Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткізілген бұл шара экологиялық сананы қалыптастыруға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге маңызды үлес қосты.
Басқа жаңалықтар