ҚазҰУ-да ЖИ-ді медицинаға енгізу қаралды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект технологияларын интеграциялауға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды шараға жетекші дәрігерлер, зерттеушілер, IT-әзірлеушілер мен жас ғалымдар қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – заңнамалық талаптарды ескере отырып, ЖИ мүмкіндіктерін медициналық клиникаларда тиімді қолдану жолдарын талдау және салааралық тәжірибе алмасу.
Жиынды ашқан механика-математика факультеті деканының м.а. Мәдина Мансұрова ЖИ-ді медицина саласына енгізудің стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл технологияның диагностика дәлдігін арттырудағы және дербестендірілген медицинаны дамытудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар факультет басшысы жас аналардың денсаулығы мен әл-ауқатын цифрлық бақылауға арналған «AI MamaCare» инновациялық платформасын таныстырды.

«Біз ұсынып отырған AI MamaCare платформасы – жас аналардың әл-ауқатын қолдауға бағытталған цифрлық құрал. Жүйе денсаулық көрсеткіштерін уақтылы талдап, дербестендірілген кеңестер қалыптастырады. Бұл медициналық қызметтерді цифрландыру арқылы ана мен бала денсаулығын нығайтудың тиімді жолы», – деді ғалым.
Бұл жоба пайдаланушыларға жеке ұсыныстар беріп, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ басқосу барысында зерттеуші-профессор Қуат Абзалиев, «3MIS» ЖШС директоры Әнуар Әлкенов және докторант Әнуар Наурызбаев баяндама жасап, ИИ-агенттерді қолдану, медициналық компьютерлік көру және түсіндірілетін жасанды интеллект мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Қатысушылар пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі ЖИ мүмкіндіктерін талқылап, деректер сапасы, этика және нормативтік реттеу сауалдарына ерекше назар аударды. Жиын соңында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне озық цифрлық шешімдерді енгізудің практикалық кейстері сараланып, саланың болашақ даму бағыттары айқындалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар