Шетелдік жастар қазақ спортымен таныстыFarabi University

Шетелдік жастар қазақ спортымен танысты

20 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы алаңында ұлттық спорт күніне арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, «Ұлттық спорт: рух пен күш» атты шетелдік студенттерге арналған ұлттық ойындардың арнайы таныстырылымы өтті.

 

Салтанатты шараның ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров сөз сөйлеп, ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол мұндай бастамалар жас ұрпақтың рухани және физикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді.

Университеттің «СӨС» спорт клубы мен Дене шынықтыру және спорт кафедрасы ұйымдастырған шараға 300-ге жуық студент қатысты. Бағдарлама аясында қазақ халқының төл ойындары – арқан тартыс, тоғызқұмалақ, қол күресі, асық ату, бестас және ләңгі тебуден тартысты сайыстар өтті.

Әсіресе шетелдік студенттердің белсенділігі ерекше болды. Олар ұлттық ойындардың ережелерімен танысып қана қоймай, боз кілемде күш сынасып, асық ату мен арқан тартыста ептіліктерін байқап көрді. Бұл формат халықаралық деңгейдегі студенттердің қазақ халқының бай мәдени мұрасын тереңірек түсінуін және мәдениетаралық байланысты нығайтуды көздейді.

Ұлттық спорт күніне арналған бұл бастама жастар арасында бұқаралық спортты дамытумен қатар, ұлттық кодты сақтауға бағытталды. Тартысты өткен сайыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік шыққан студенттер арнайы дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі