Ғалымдар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Солтүстік Кавказ федералдық университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Альберт Кумуковпен кездесті.
Тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді арттыру бағытында тәжірибе алмасуға ерекше назар аударды.

Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалар туралы ақпарат беріп, университет базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханалар соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталғанына тоқталды. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-дың Солтүстік Кавказ федералдық университетімен ғылыми бағытта серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндігі барын айтты.

Өз кезегінде Альберт Кумуков ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдіріп, әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Келіссөз нәтижесінде қос тарап арнайы жұмыс жоспарын құруға уағдаласты. Кездесуден соң құрметті қонақ орталықтар мен зертханаларды көріп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар