Көрнекті жазушы Сәбит Досанов Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды (ФОТО).
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Досановпен кездесу өтті. Оған университет басшылығы және профессор-оқытушы құрамымен қатар, Қазақстанның танымал ақын-жазушылары: Мыңбай Рәш, Дулат Исабеков, Ғалым Жайлыбай, Әзірбайжанның көрнекті ақыны Эльхан Зал Қараханлы, Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясат басқармасының басшысы Нұрболат Сыздықов, Ресей қазақтарының атынан Дәмелі Тасмағанбетова және дарабоз күйші-композитор Шәміл Әбілтаев қатысты. Өзінің алғы сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы жазушының қазақ әдебиетінің дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. «Бүгінгі кездесудің қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, драматург Сәбит Досановпен болуы кездейсоқ емес. Ол - біздің университеттің 1964 жылғы түлегі. Содан бері ол, өзі таңдаған сөз өнерінде шығармашылықтың шыңын бағындырып, университетіміздің атын тек жақсы жағынан шығарып жүрген қазақ халқының дарынды тұлғасы» - деді ол. Кездесу барысында Махмұд Қашқари атындағы халықаралық қордың президенті, Әзірбайжанның көрнекті ақыны, «Шынар» журналының бас редакторы Эльхан Зал Қараханлы Сәбит Досановқа «Ақ Аруана» шығармасы үшін Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықты табыстады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы туыстық қарым-қатынасты атап өтіп, өзінің «Әзірбайжан мен Қазақстан» атты өлеңін оқып берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Эльхан Зал Қараханлы «Шынар» журналының басты бетін Сәбит Досановқа арнап, оның «Ақ Аруана» кітабын әзірбайжан тіліне аударған. Айта кетелік, Махмұд Қашқари атындағы халықаралық қор жұмысының басты мақсаты - түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиетін бүкіл әлемге тарату, жер бетіндегі барлық халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Махмұд Қашқари атындағы сыйлық осы мақсатқа жетуге өз шығармалары мен еңбектері арқылы әдебиет, ғылым мен өнер саласында үлес қосып жүрген азаматтарға беріледі. Мұндай беделді сыйлықпен бұдан бұрын қазақтың көрнекті ақындары Ақылбек Шаяхмет пен Олжас Сүлейменов марапатталған болатын.