Қазақ қаламгеріне – Махмұд Қашқари сыйлығы.
Көрнекті жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановқа «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» берілген Махмұд Қашқари атындағы халықаралық сыйлықты тапсыру салтанатына арналған әдеби кеш әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасының үлкен конференц-залында өтті.Басқосуды университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, жүргізіп отырды. Әзербайжан жазушысы, «Шынар» журналының бас редакторы, Қашқари атындағы қордың төрағасы Эльхан Зал Махмұд Қашқари сыйлығын Сәбит Досановқа салтанатты түрде тапсырды. «Сәбит Досанов бұл сыйлықты көркем прозадағы алғашқы туындысы «Ақ аруана» повесі үшін алып отыр. Осы уақытқа дейін бұл еңбек орыс, француз, өзбек, қырғыз, әзербайжан, түрік, т. б. тілдерге аударылып, алыс-жақын елдерден лайықты бағасын алып үлгерді» деді ол.Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов қала әкімі Бауыржан Байбектің арнайы құттықтауын жеткізді.Жиын барысында Сәбит Досановқа «ҚазҰУ-ға 80 жыл» алтын медалі табыс етілді. Сонымен қатар, шығармашылық кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, Мәскеу қаласындағы қазақ мәдени автономиясының құттықтауын алып келген Жарқын Қоңырбайқызы кеш иесіне ақжарма тілектерін айтты.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай қаламгерге арнаған «Сәбең сал» атты әнін тамылжыта шырқаса, ақсақал сатирик Мыңбай Рәш Сәбит Досановқа арнаған «Тектілер тоғысуы» атты қиялдық элегиясын, сондай-ақ, ақын Мырзан Кенжебай арнау өлеңін оқыды.Жиында сөз алған кеш иесі, белгілі қаламгер, профессор Сәбит Досанов: «Мен бұл университеттің 1964 жылғы түлегі боламын. Былайша айтқанда, ата-анам секілді. Ендеше, бұл оқу орнында болған әдеби кеш мен үшін үлкен құрмет», деп отырған жастарға жалпы көпшілікке аталы сөз арнады.
«Егемен-ақпарат»