«Менің қалам Алматы» халықаралық туристік экспедициясы басталды
Іле Алатауы тауларында «Менің қалам Алматы» халықаралық балалар мен жасөспірімдер туристік экспедициясының ашылуы өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты бұл туристік жастар қозғалысын қайта жаңғырту, мәдениет, тарих, туған өлкенің табиғаты жайлы білімдерін одан әрі кеңейту, іздеу дағдылары мен шеберлігін дамыту, отансүйгіштікті, салауатты өмір салтын, қатысушылардың экологиялық тәрбиесін қалыптастыруда тиімді амалдардың бірі ретінде туризмді насихаттау және дәріптеу, сонымен қатар туристік-өлкетанулық жұмыстарды одан әрі қарқындату, қатысушылардың туристік біліктілігін арттыру, Алматының үлкен туристік орталығы деген жаңа кейпін қалыптастыру.
Экспедиция Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қолдауымен өтуде. Іс-шараның бастамашысы Спорттық туризм федерациясы, ал осы іс-шараны өткізу мен ұйымдастыру тікелей әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың рекреациялық география және туризм кафедрасына жүктелген.
Аталған экспедицияға Қазақстанның түрлі қалаларынан және шетелден келген 15 команда қатысуда. Экспедицияның негізгі құрамы бұл мектептің жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері болып табылады. Әсіресе әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, «Тұран» университетінің, Санкт-Петербург университеті филиалының және Жетісу университетінің «туризм» кафедраларының студенттері өздерінің белсенділігін көрсетуде.
Экспедицияның қатысушыларына Туризм федерациясы тарапынан құрастырылған Алматының маңайындағы қиындылығы 1-3 санаттарға жататын бағыттар ұсынылған. Ал мектеп оқушыларына айрықша табиғи нысандарға алып баратын радиалды көпкүндік дәрежелік бағыттар ұсынылған. Саяхат барысында ауа райының құбылыстарына, өсімдік және жануарларға бақылаулардың жүргізілуі күтілуде, сонымен қатар туристік кедергілердің сипаттамасы құрастырылады және экологиялық науқандар өткізіледі. Бағыттың соңында қатысушылар өздерінің есептерін қорғауға тиіс, ал ең жақсы деп танылған есеп иелері ұйымдастырушылар тарапынан ынталандырылады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар сертификаттар мен естелік белгілерімен марапатталады, ал санаттық бағыттарды үздік өткерген қатысушыларға туризм бойынша спорттық дәрежелер беріледі.