Исламдағы бағыттар, мазхабтар мен секталарға арналған жаңа ғылыми монография жарық көрді — ҚазҰУ

Исламдағы бағыттар, мазхабтар мен секталарға арналған жаңа ғылыми монография жарық көрді

8 қыркүйек 2026
Исламдағы бағыттар, мазхабтар мен секталарға арналған жаңа ғылыми монография жарық көрді

2026 жылы Н.Ж. Байтенова, С.С. Саджакалова және Р.Б. Матибаеваның авторлығымен «Направления, мазхабы и секты в исламе» атты ғылыми монография жарық көрді.

Монографияда ислам тарихындағы діни-құқықтық бағыттардың қалыптасуы мен дамуына кешенді талдау жасалады. Еңбекте исламдағы негізгі үш бағыт – суннизм, шиизм және хариджизмнің қалыптасу ерекшеліктері, олардың доктриналық және тарихи-саяси айырмашылықтары қарастырылады.

Зерттеуде сунниттік дәстүрдің қалыптасуына ерекше назар аударылып, төрт негізгі сунниттік мазхабтың ерекшеліктері, олардың доктриналық және тарихи-саяси негіздері, сондай-ақ қалыптасу үдерісіндегі ғылыми дәстүрлер жан-жақты сипатталады.

Монографияның авторларының бірі Нағима Жаулыбайқызы Байтенова – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, елімізге белгілі дінтанушы ғалым. Ғалым дінтану, философия және мәдениеттану салаларында зерттеулер жүргізіп келеді, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдары, монографиялары жарық көрген.

Монографияның жауапты редакторы Разия Балтабаевна Матибаева – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан Халықаралық исламтану академиясының «Әл-Азһар араб тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі.

Жауапты редакторлардың бірі Саидафзал Саидханбалович Саиджалолов – Өзбекстан Халықаралық исламтану академиясының «Әлеуметтік ғылымдар және құқық» кафедрасының доценті.

Ғылыми еңбек дінтану, исламтану, философия, тарих және мәдениеттану салаларындағы зерттеушілерге, оқытушылар мен білім алушыларға, сондай-ақ ислам тарихы мен діни ой мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.