Ұлт рухын ұлықтаған тұлғаға арналған өнегелі дәріс — ҚазҰУ

Ұлт рухын ұлықтаған тұлғаға арналған өнегелі дәріс

8 қыркүйек 2026
Ұлт рухын ұлықтаған тұлғаға арналған өнегелі дәріс

2026 жылдың 8 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессор-зерттеушісі Римма Жақсылықбаева «Қазақ журналистикасының тарихы» пәні аясында қазақтың белгілі әнші-композиторы, ақын, тілші, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қапез Байғабылұлына арналған  «Қапез Байғабылұлы – «Тілші» газетінің хабаршысы» тақырыбында 1 курс студенттеріне дәріс-семинарын өткізді.

Дәріске Қапез Байғабылұлы шығармашылығын зерттеген ғалым-ұстаз, өнертанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің зерттеуші ғалымы, PhD Ертай Біләл, белгілі фотожурналист, факультет оқытушысы Асылхан Әбдірайым қатысты.

Дәріс барысында ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлы саяси қайраткер, білікті ұстаз, талантты сазгер Қапез Байғабылұлының өмірі мен шығармашылығына, туып-өскен өңірінің білім-іліміне қосқан сүбелі үлесіне, халқына сіңірген адал еңбегіне қатысты тың деректерді атап өтті.

Алаштанушы жас ғалым, PhD Ертай Біләл Қапез Байғабылұлы – «Тілші» газетінің хабаршысы» тақырыбында баяндама жасап, студенттерге Қапез Байғабылұлының тілшілік, журналистік қырына, «Тілші» газетінде жарық көрген «Ескергені осы ма?», «Қосшы тіршілігі», «Аткезшімен күресу», «Оқу, оқыту жабдығы», «Жазықсыз 20 қара сойылды», «Ақтоғай мұғалімдері», «Болыстық сайлау жақсы өтті» т.с.с. мақала, корресподеницяларына тоқталып,  заманауи комикс үлгісінде  талдап, саралап өтті. Қазіргі заманмен салыстыра отырып, сол кезеңдегі ақпарат берудің әдіс-тәсіліне, шеберлігіне, бүгінгі жастар үшін маңызды құндылығына тоқталды.

Дәріс барысында Қапездің қазақ халқына  қалдырған «Ай-қай», «Дүние-ай», «Меркі» сынды әндерін Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының шәкірттері мен журналистика факультетінің 1-курс студенті Нұрахмет Нәби жүрекке жеткізе орындап берді.

Алғашқы оқу аптасындағы бұл рухани дәріс туғанына 130 жыл толғалы отырған Қапез Байғабылұлына арналған алғашқы шара екендігін ескерсек, факультет студенттеріне баба тұлғасын танытуда адамдық қасиетті бағалауға үндейтін тағылым болды.