№5 СТУДЕНТТЕР ҮЙІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір жолдауында: «Біз сіздерге зор үміт артамыз», - деген еді. Бүгінгі студент - елдің болашағын қалыптастыратын, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосатын жас буын. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №5 Студенттер үйінде Журналистика факультетінің аға оқытушысы, PhD Ержан Жұмабекұлымен студенттер арасында мазмұнды кездесу өтті.
Кездесу студенттердің орындауындағы хордың әнімен басталды. Әуезді әнмен ашылған басқосу барысында студенттердің рухани дамуы, салауатты өмір салтын ұстануы және қоғамдық ортадағы жауапкершілігі жөнінде маңызды мәселелер қозғалды.
Ержан Жұмабекұлы жастардың жан-жақты дамуы тек сапалы білім алумен шектелмейтінін атап өтіп, руханияттың адам өмірінде қаншалықты орын алатынына тоқталды. Сонымен қатар денсаулықты сақтаудың, дұрыс өмір салтын қалыптастырудың және өз уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығы сөз болды.
Кездесудің ерекше бағыттарының бірі – «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл ретте студенттерге заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау және айналасына құрметпен қарау жөнінде ойлар айтылды.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Ашық форматтағы әңгіме жастардың өзекті мәселелерін ортаға салып, еркін пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Кездесуден түйгеніміз, әрбір жас өз бойында рухани құндылықтарды қалыптастырып, денсаулығына жауапкершілікпен қарап, заң мен тәртіпті құрметтеуі қажет. Себебі саналы, білімді және жауапкершілігі жоғары ұрпақ - ел болашағының берік негізі.
Журналистика факультеті, «Медиакоммуникациялар» мамандығының
3-курс студенті Бауыржанқызы Мақпал
.jpeg)
.jpeg)