Көптілділік – заманауи білім берудің негізі — ҚазҰУ

Көптілділік – заманауи білім берудің негізі

12 қыркүйек 2026
Көптілділік – заманауи білім берудің негізі

9 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, «Аударма ісі» мамандығының 3-курс студенттері арасында «Көптілділік – заманауи білім берудің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – заман талабы ғана емес, сапалы білім мен кәсіби дамудың маңызды алғышарты. Әсіресе аударма ісі саласында білім алып жатқан студенттер үшін көптілділік – түрлі мәдениеттер мен халықтарды байланыстыратын кәсіби құрал.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – көптілді білім берудің маңызын талқылау, студенттердің тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру және бірнеше тілді меңгерудің болашақ маманның кәсіби қалыптасуына ықпалын көрсету.

Іс-шара барысында студенттер көптілділіктің қазіргі білім беру жүйесіндегі рөлі, шет тілдерін меңгерудің артықшылықтары, тіл мен мәдениеттің өзара байланысы, сондай-ақ аудармашы мамандығында бірнеше тілді білудің қажеттілігі туралы өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тіл үйрену барысында кездесетін қиындықтар мен оларды жеңудің тиімді жолдарын талқылады.

Болашақ аудармашылар үшін көптілділік тек бірнеше тілде еркін сөйлеумен шектелмейді. Ол – әр халықтың мәдениетін, дүниетанымын, салт-дәстүрін түсіне білу, түрлі тілдік ортада еркін қарым-қатынас жасау және ақпаратты бір тілден екінші тілге сапалы жеткізу қабілеті. Осы тұрғыдан алғанда, аудармашы мамандығын таңдаған жастардың тілдік және мәдени құзыреттілігін дамыту – маңызды міндеттердің бірі.

Дөңгелек үстел барысында студенттер белсенділік танытып, пікірталасқа еркін араласты. Әртүрлі көзқарастар ортаға салынып, көптілді білім берудің жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, академиялық және кәсіби мүмкіндіктерінің кеңеюіне әсері атап өтілді.

Шара соңында қатысушылар көптілділіктің қазіргі қоғамдағы маңызын қорытындылай келе, тіл үйренудің үздіксіз үдеріс екенін атап өтті. Бүгінгі студент – ертеңгі кәсіби маман. Ал бірнеше тілді меңгерген, өзге мәдениеттерді құрметтейтін және еркін коммуникация жасай алатын маманның еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болары сөзсіз.

«Көптілділік – заманауи білім берудің негізі» тақырыбындағы бұл басқосу студенттердің тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ кәсіби бағытына ой салған тағылымды кездесу болды.

 

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ассистент профессоры Жапарова А.Ж.