ҚазҰУ-лық курсанттар әскери ант қабылдады

25 тамыз, 2016

Әскери дайындық кафедрасының толық курсын өткен 345 студент әскери ант қабылдады.

Жиынға университет басшылығы, факультет декандары, курсанттардың ата-аналары, оқытушылары мен курстас достары қатысты. Курсанттар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал болуға, өзінің егемен мемлекетінің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант берді.

Әскери қызметтің қыр-сырына қаныққан әскери кафедра түлектері сапта жүру тәртібін көрсетті, қару-жарақпен саптық амалдар мен қолма-қол ұрыс тәсілдерін орындап, алған білімдерін көпшілікке паш етті.

«Әскери ант мәтіні қысқа болғанымен, оның мәні мен маңызы аса терең, онда елімізде еркін өмір сүрудің, Отанды көздің қарашығындай қорғаудың басты идеялары нақты көрсетілген», – деді әскери кафедра басшысы, полковник Олег Ажимов.

Іс-шара ант беру рәсімінен кейін көркем өнерпаздар мен әскери оркестрдің концертімен жалғасты.

Қара шаңырақта білім алып жатқан студенттердің қосымша әскери мамандық пен әскери шен алуға мүмкіндіктері бар екендігін ерекше атап өткен жөн. 2,5 жылда курсанттар оқу-жаттығу жиындарында теориялық білімдерін іс жүзінде сынап көріп, жауынгерлік қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануды меңгереді. Бүгінде ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы 14 әскери-есептік мамандық бойынша болашақ запастағы офицерлерді даярлайды. 2015 жылдан бастап кафедра қыздарды да қабылдай бастады.

Әскери кафедра түлектері алдағы уақытта да Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарады деп сенеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!