Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған ғылыми меморандумға қол қойылды — ҚазҰУ

Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған ғылыми меморандумға қол қойылды

24 қыркүйек 2026
Ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған ғылыми меморандумға қол қойылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы өкілдерімен медициналық ғылым, инновациялар және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған кездесу өтті.

Орталық делегациясы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен, атап айтқанда Суперкомпьютер орталығы, биология және биотехнология факультеті, Farabi хабы, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы әзірлемелерімен танысты. Кездесу барысында медицина және денсаулық сақтау факультеті мен Ми институтының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. 

Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов жүздесу барысында ана мен бала денсаулығын қорғау ғылымды, білім беруді және практикалық денсаулық сақтауды тығыз ықпалдастыруды талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, «дәл осы бағытта ғылыми зерттеулер мен жаңа технологиялар ерте диагностика, асқынулардың алдын алу және медициналық көмектің тиімділігін арттырумен тікелей байланысты». 

Проректор перспективалы бағыттардың қатарында акушерия, гинекология, перинатология, биомедицина және биотехнология салаларындағы бірлескен зерттеулерді алға тартты. Орталықтың клиникалық құзыреттерін ҚазҰУ-дың медицина, биология, химия, ақпараттық технологиялар және деректерді талдау салаларындағы ғылыми әлеуетімен біріктіру жоспарлануда. 

Тараптар медициналық деректерді өңдеу, болжамдық модельдер мен шешім қабылдауды қолдаудың интеллектуалды жүйелерін әзірлеу үшін жасанды интеллект пен суперкомпьютерлік қуаттарды тиімді пайдалану жолдарын пысықтады. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлау, ғылыми жетекшілік ету, семинарлар өткізу, тағылымдамалар ұйымдастыру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру қолға алынады.

Кездесу нәтижесінде ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға, инновациялық медициналық технологияларды енгізуге және ғылым мен клиникалық тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға негіз болатын меморандумға қол қойылды. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі