Елімізде Қазақстан халқы тілдері күні ерекше аталып өтеді. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», – деп ұлағатты сөз қалдырған қазақ тілі әліппесінің атасы, Алаш арысы, қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп, ұлттық руханият пен тілдің қадірін айқындай түседі.
Әр халықтың тілі – оның тарихы мен мәдениетінің айнасы. Тіл арқылы ұрпақтар сабақтастығы сақталып, дәстүр жалғасады. Қазақ тілі – біздің мемлекетіміздің мемлекеттік тілі, ұлттың айбыны мен мерейі.
Шын мәнінде Тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Елімізде түрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Олардың әрқайсысының ана тілінің басқа халықтар тіліне қатысты тағдыры бар. Тіл арқылы адамдар бір-бірін танып-біле алады және кез келген халықтың рухани мәдениеті, дәстүрлері, салттарымен танысу үшін де тілге жүгінеді.
Осы мерекеге орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Қытай, Корея, Жапония, Түркия және басқа да елдерден келген шетелдік студенттерге жыл сайын Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аясында іс-шаралар өткізеді.
Кафедраның оқытушылары бұл мереке жайында, тілдің мәні туралы, ұлты үшін аянбай қызмет етіп қоймай, жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу жолында үлкен еңбек сіңірген, өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісіне арнаған, ауыл мектептерінде, семинарияларда бала оқытып, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы шетелдік студенттерге түсіндіріп, бейнежазбалар, танымдық тапсырмалар, тілдің құдіреттілігіне байланысты музыкалық шығармалар ұсынады.
Бұл іс-шаралардың жалпы мақсаты – шетелдік студенттердің мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді үйренуіне, тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтуге, тіл байлығын дамытуға байланысты қолдау көрсету, ынталандыру, тіл туралы білімін жандандыру және кеңейту, тілдерге сүйіспеншілік пен қызығушылықты, төзімділік, достық пен өзара түсінушілікті тәрбиелеу.
«Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде. Әрбір тіл өз халқы үшін – ұлы», – деп Шыңғыс Айтматов айтқандай, әр адам өзінің ана тілін қорғай да, құрметтей де білуге міндетті. Тілдің құдіретін сезіну, тазалығын сақтау, құрметін еселеу елдегі әрбір адамның алдында тұрған парызы. Тілі шұрайлы ана тіліміздің мерейі әрқашан үстем болсын.
Айгүл Сәденова,
филология ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор