Қазақстан-Катар ғылыми-білім беру орталығы ашылмақ
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Катар мемлекетінің Доха қаласына жұмыс сапарымен барып, білім министрі Мұхаммед әл-Хаммадимен жүздесті. Кездесу барысында ҚазҰУ мен Катардың жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік мәселелері талқыланды.
Іссапар аясында Катар университетінің президенті Хасан Дерхаммен кездесу барысында академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және тағылымдамадан өту мәселелері бойынша тікелей әріптестік орнату тақырыбында әңгіме өрбіді. Жақын арада екі жақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде Қазақстан-Катар ғылыми-білім беру орталығын ашу хақында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уағдаласты.
Сондай-ақ, Ғалым Мұтанов халықаралық танымал «Qatar Foundation» қорының құрамына кіретін Шейх Хамад бен Халиф атындағы университет пен «Carnegie Mellon» университеті нысандарын аралады. Аталмыш оқу ордалары мен қор басшылығы өздері басқарып отырған мекеменің қызметімен таныстырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестік орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Хамад бен Халиф атындағы университет президенті Ахмад Хасна исламдық қаржыландыру мен аударма ісі салаларында ҚазҰУ-мен бірлесе отырып, білікті маман даярлау туралы айтса, Катар университетінің президенті Хасан Дерхам университетпен бірлескен ғылыми-инновациялық ортақ жобалар әзірлеп, Катар қорының қаржыландыруына ұсыну мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендігін білдірді. Кездесуде ислам өркениетін, араб тілі мен әдебиетін, мәдениетін, тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу, исламдық білім беру саласында білікті мамандар дайындау және жаңа ғылыми инновациялық бағыттарда ортақ жобалар әзірлеу, Катар университеттерінің профессорларын ҚазҰУ-ға шақыру мәселелері де сөз болды.
ҚазҰУ-ға бұған дейін әріптестік орнату мақсатында Орталық банк төрағасы Абдалла бен Сауда Әл-Тани басқарған Катар мемлекетінің делегациясы іссапармен келгенін ерекше атап өтуге болады. Ол ҚазҰУ-дың жетістіктері мен даму қарқынын, білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Кездесу барысында исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы әріптестік мәселесіне баса назар аударылған болатын.
ҚазҰУ Баспасөз қызметі